Абай Кунанбаев творчество

Стихи, поэмы, биография

Бipіншi Сөз


Бұл жасқа келгенше жақсы өткiздiк не, жаман өткiздiк не, əйтеуiр бiрталай
өмiрiмiздi өткiздiк: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық əурешiлiктi,
көре-көре келдiк. Ендi жер ортасы жасқа келдiк: қажыдық, жалықтық; қылып
жүрген iсiмiздiң бəрiнiң баянсызын, байлаусызын көрдiк, бəрi қоршылық
екенiн бiлдiк. Ал, ендi қалған өмiрiмiздi қайтiп, не қылып өткiземiз? Соны таба
алмай өзiм де қайранмын.

Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кiсi
бақпаса, не абартқан, көңiлi басылмаған жастар бағамын демесе, бiздi Құдай
сақтасын!
Мал бағу? Жoқ, баға алмаймын. Балалар өздерiне керегiнше өздерi бағар.
Ендi қартайғанда қызығын өзiн түгел көре алмайтұгын, ұры, залым,
тiлiмсектердiң азығын бағып беремiн деп, қалған аз ғана өмiрiмдi қор қылар
жайым жоқ.
Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзiн сөйлесер адам жоқ.
Бiлгенiңдi кiмге үйретесiң, бiлмегенiңдi кiмнен сұрайсың? Елсiз-күнсiзде
кездеменi жайып салып, қолына кезiн алып отырғанның не пайдасы бар?
Мұндасып, шер тарқатысар кiсi болмаған соң, ғылым өзi бiр тез қартайтатұғын
бiр күйiк.
Софылық қылып, дiн бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек.
Не көңiлде, не көрген күнiнде бiр тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не
қылған софылық?
Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едiм, қалайша бағудың
мəнiсiн де бiлмеймiн, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харакетке
қосайын? Балаларымның өзiне iлгерi өмiрiнiң, бiлiмiнiң пайдасын
тыныштықпен көрерлiк орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерiмдi бiле
алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.
Ақыры ойладым: осы ойыма келген нəрселердi қағазға жаза берейiн, ақ
қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кiмде кiм ішiнен керектi сөз тапса,
жазып алсын, я оқысын, керегi жоқ десе, өз сөзiм өзiмдiкi дедiм де, ақыры
осыған байладым, ендi мұнан басқа ешбiр жұмысым жоқ.

Абай Құнанбайұлы

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники