Абай Кунанбаев творчество

Стихи, поэмы, биография

Оныншы Сөз


Біреулер Құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды
бассын дейді, артымнан Құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын
дейді. Осыдан басқасы бар ма?

Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар
дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда
өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша
орның бар еді?
Баланың жақсысы — қызық, жаманы — күйік, не түрлі боларын біліп
сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған
иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуга, оған да қорлық
көрсетуге мұнша неге құмар болдың?
Артымнан балам Құран оқысын десең, тіршілікте өзіңнің жақсылық қылған
кісің көп болса, кім Құран оқымайды? Жаманшылықты көп қылсаң, балаңның
Құраны неге жеткізеді? Тіршілікте өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң
кəсіп қылып бере ала ма?
Ахирет үшін бала тілегенің — балам жасында өлсін дегенің. Егерде
ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан қүтқарарлық бала қазақтан туа
ма екен? Ондай баланы сендей əке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?
Қартайғанда асырасын десең, о да — бір бос сөз. Əуелі — өзің қаруың
қайтарлық картаюга жетемісің, жоқ па? Екінші — балаң мейрімді болып,
асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші — малың болса, кім асырамайды?
Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары,
мал шашарлық болары — ол да екіталай.
Хош, Құдай Тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің,
бұрынғы өз күнəңді өзің көтергеніңменен тұрмай, балаңның күнəсіне тағы да
ортақ боласың.
Əуел балаңды өзің алдайсың: “Əне, оны берем, міне, мұны берем” деп.
Баста балаңды алдағаныңа бір мəз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса,
кімнен көресің? “Боқта!” деп, біреуді боқтатып, “кəпірқияңқы, осыған
тимеңдерші” деп, оны масаттандырып, əбден тентектікке үйретіп қойып,
сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм
бол деп, “пəленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді” деп, тірі жанға
сендірмей, жат мінез қылып, осы ма берген тəлімің? Осы баладан қайыр
күтесің бе?
Жəне мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Əуелі,
Құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай Тағала
саған еңбек қылып мал табарлық куат берді. Ол куатты халал кəсіп қыларлық
орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып
қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұгарлық
ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей
іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі
— біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң
болғаны, іздегенің — сол. Бұл Құдайдан тілеген емес. Бұл — абыройын, арын
сатып, адам жаулағандық, тіленшілік.
Хош, сөйтіп жүріп-ақ мал таптың байыдың. Сол малды сарып қылып,
ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ,
дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылган қаж ешбір ғибадат
орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да,
адамшылықпен жұмсаған. Бəрі де иттікпен табады, иттікпенен айрылады.
Бейнет, күйігі, ызасы — сол үшеуінен басқа еш нəрсе бойында қалмайды.
Барында баймын деп мақтанады. Жоғыңда “маған да баяғыда мал бітіп еді”
деп мақтанады. Кедей болған соң тағы қайыршылыққа түседі.

Абай Құнанбайұлы

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники