Абай Кунанбаев творчество

Стихи, поэмы, биография

Тоғызыншы Сөз


Осы мен өзім — қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер
жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уа, əрнешік бойларынан адам
жақсы көрерлік, я көңілге тиянақ қыларлық бір нəрсе тапсам керек еді. Соны не
үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға
жаратсам керек еді, ондайым жоқ.

Егер жек көрсем — сөйлеспесем, мəжілістес,
сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, “не қылды, не болды?”
демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету
керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ.
Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді.
Мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін. Əншейін осылардың
ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен себептен бе,—
білмеймін. Сыртым сау болса да ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана
алмаймын. Күлсем қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз
күлкім емес, бəрі де əлдекімдікі.
Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы
көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан əбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа
барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат жалын сөніп те қалған екен. Сол
себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде
əттеген-ай, сондай, сондай қызықтарым қалды-ау!” деп қайғылы болмай,
алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге.

Абай Құнанбайұлы

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники